Орал қаласында кафеде жарылыс болып, өрт шықты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 4 қаңтар күні сағат 02.07-де Сырым Датұлы көшесі 52-мекенжайында өрт шыққаны жөнінде хабар түскен.
Оқиға орнына сағат 02.17-де жеткен өрт сөндірушілер екі қабатты RIZYQ дәмханасының ғимаратында алдын ала болжам бойынша газ-ауа қоспасының жарылысы болғанын хабарлады.
Салдарынан ғимараттың 110 шаршы метр бөлігі қирап, 25 шаршы метр аумақты өрт шарпыған.
"Тілсіз жау" сағат 02.40-та ауыздықталды. Оқиға орнынан өрт сөндірушілер мен жеке құрамнан 39 адам, 13 техника, жедел жәрдем бригадасы (18 адам, 6 техника) полиция департаменті (28 адам, 7 техника) қызметкерлері жұмыс жасады. Қазіргі уақытта БҚО ТЖД және облыс әкімдігінің күштерімен қираған үйінділерді тазарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Зардап шеккендерге шұғыл психологиялық көмек көрсету үшін БҚО ТЖД штабында 8 (7112) 55-40-88 нөмірі бойынша жедел желі жұмысы ұйымдастырылды", - деп хабарлады ведомстводан.
Оқиғаны БҚО әкімдігі де растап, оқиға орнына облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің арнайы барғанын, зардап шеккендер бар екендігін жеткізді.
Қазіргі кезде істің мән-жайы анықталып жатыр.