Орал мектептерінің бірінен өрт шығып, газдан уланған күзетші ауруханаға жатқызылды, деп жазады inbusiness.kz БҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, 30 қаңтар күні сағат 23.59-да 101 пультіне Қонаев шағын ауданы, 13 үй мекенжайы бойынша өрт шыққаны жөнінде хабарлама келіп түсті.
№ 28 мектеп-лицейдің екінші қабатында орналасқан №45 оқу кабинетінде 15 шаршы метр алаңда мектеп жиһазы – парта өртенген. Өрт орнында көміртегі тотығымен уланған 1957 жылы туған мектеп күзетшісі табылды.
"Өрт сөндірушілер оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем қызметіне тапсырды. Ер адам Орал қалалық көпбейінді ауруханасының реанимациялық бөлімшесіне "ауыр дәрежелі көміртегі тотығымен улану" диагнозымен жатқызылды", - делінген облыстық ТЖД хабарламасында.
Оқиға орнында БҚО ТЖД 13 техникасы мен жеке құрамның 54 қызметкері жұмылдырылды.
Департаменттің хабарлауынша, өрт сағат 00.37-де оқшауланып, сағат 00.40-та толықтай жойылды. Құрбандар жоқ.