Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов "Жайықжылуқуат" АҚ-да болып, Орал жылу-электр орталығында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өңір басшысының сөзіне қарағанда, үш кезеңмен жүргізілетін жаңғырту жұмыстары барысында алдымен қос турбоагрегат жөнделеді. Бұл қазандықтар 10 МВт өндіруі тиіс болса, қазіргі өнімділігі - 7 МВт. Жаңғыртылғаннан кейін олардың қуаты 18 МВт-ға жететін болады. Жайық өзеніне жаңадан орнатылған сусорғылардың қолайлылығы сол, ең бастысы, суды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар пайдаланылған су өзенге қайта құйылмайды, яғни экологиялық жағынан да тиімді. Үш кезең бойынша жаңғырту жобасының жалпы құны - 6,7 млрд теңге. Ол Үкіметтің, Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылмақ. Бұған жергілікті бюджеттен де қаржы қарастырылды. Қазандықтар мен жабдықтарды жаңғырту, ауыстыруға қоса алдағы жылы "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында жылу желілерін қайта құру жұмысы жалғасады.
"Жайықжылуқуат" АҚ-ның бас директоры Мұрат Бәйменовтің айтуынша, биыл жылу әлеуметтік нысандарға 25 қыркүйектен беріле бастады. Оларға жылу қазір толықтай берілсе, 1175 тұрғын үйдің 728-і немесе 62 пайызы алып үлгерді. Қалған үйлерге де таяу күндері жылу қосылатын болады. Кәсіпорын "ҚазТрансГазАймақ" мекемесіне тұтынылған газ үшін қарызын бірте-бірте шешіп келеді. Сондай-ақ тұрғындардан тұтынылған жылу үшін қарызды қайтару жолында нақты шаралар алынуда.