Орал қаласының маңында 10 жастағы бала тоққа түсіп, көз жұмды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Круглоозерное ауылында баланың электр қосалқы стансасына қалай кіріп кеткенін ешкім байқамаған. Куәгерлер оқушыны тоқ соққаннан кейін ғана көрген.
"Бір кезде ұшқын пайда болып, бала құлап, басын соғып алды", – деді стансаның жанынан өтіп бара жатқан куәгерлер.
Полицияның мәліметінше, қайғылы оқиға 1 қыркүйек күні шамамен сағат 20:30-да болған. Бала электр қосалқы станциясының аумағына кіріп, нысанның үстіне шыққан. Сол жерде оны электр тоғы соққан. Салдарынана бала биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, электр қосалқы станциясы ашық жерде орналасқан. Нысан аумағы қоршалмаған, ал есігі кейде құлыпталмай қалатын көрінеді.
Тұрғындар бұл маңда балалардың жиі ойнайтынын да айтады.
3 қыркүйекте баланы туған-туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Қазір полиция қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.