Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Деркөл кентінде 2007 жылы туған жасөспірімді ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кейін жасөспірім есірткі жасырған орындарын көрсетіп, 109 zip-пакетке салынған үш үлкен орама табылды. Сараптама нәтижесінде алынған заттардың жалпы салмағы 249 грамм, яғни шамамен 1245 дозалық "Альфа PVP" психотроптық заты екені анықталды.
"Тергеу барысында қолға түскен жасөспірімнің Қостанай облысының тұрғыны екені белгілі болды. Ол Орал қаласына Telegram-арна арқылы жұмысқа шақырылған. Жұмыс берушілер жол жүру және тұру шығындарын өтеген. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша есірткі заттарының заңсыз айналымы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция заңсыз есірткі сақтау және таратудың қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті өңірдегі есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтіп, "Орал – есірткісіз қала" бағдарламасы аясында есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда", – деп хабарлады ведомстводан.