Оралда 8,1 млрд теңгеге жол жөндеу жұмыстары атқарылуда

1034

Оралда 8,1 млрд теңгеге жол жөндеу жұмыстары атқарылуда

Орал қаласында биыл 67  көшенің 72 км жолын жөндеуге барлық қаржы көздері есебінен 8,1 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылғыдан үш есеге көп, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" тілшісі.

Орал қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиевтің сөзіне қарағанда, биылғы бірінші жартыжылдықта төрт көшедегі жол жөндеу жұмысы аяқталса, тағы екеуінде біткелі тұр. 48 көшеде жөндеу жұмыстары атқарылуда. Ал 13 көшенің жолына қатысты тендерлік рәсімдер жүргізілуде. "ҚПО б.в." компаниясының қаржысына (2,3 млрд астам теңге) депо көпірі қайта салынып жатқаны белгілі. Құрылысы екі жылға есептелген нысанда (бас мердігері - "КА-Строй ЛТД" ЖШС) 59 ұңғыманың 56-сы қазылып, бетон құйылды. 130 тіреу толықтай әкелініп, қаңқаларды орнату жұмысы басталды. Сол секілді 712,1 млн астам теңгеге Жәңгір хан көшесі бойымен Әзірбайжан көшесінен Орал қаласы шекарасына дейін ұзындығы 4550 метр (бас мердігері "КАЕС Строй Ко" ЖШС) жолды орташа жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Құрманғазы көшесі бойымен Ә.Молдағұлова көшесінен Е.Пугачев көшесіне дейінгі аралықты (3845 метр, бас мердігері - "АсарСтройСервис" ЖШС) күрделі жөндеуге 889,3 млн астам теңге қарастырылған. Аталмыш компания есебінен жөндеу жұмыстары барлығы 20 нысанды (көшені) қамтитын болады. Осындай жол жөндеу жұмыстары бюджет есебінен де атқарылуда. Соның ішінде "Жұлдыз" шағынауданында "Бірлік" ЖШС 498 млн жуық теңгеге 7 км астам жол салуда. Күрделі жөнделіп жатқан өзге де көшелер баршылық. Сонымен қатар жолдарды ағымдағы жөндеуге 400 млн теңге қаралды. Бұған 80 көшеде ойықтарды жөндеу, жол тегістеу, тротуарларды салу жұмыстары жасалмақ.   Айта кетейік, Орал қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы 582,3 км болса, соның 288,43 шақырымына немесе 49,5 пайызына ғана асфальт төселген. Осы қатқыл табанды жолдың тең жартысынан астамы сын көтермейтіндіктен, қайта жөндеуді қажет етеді.   


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу