Орал қаласының прокуратурасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы заң талаптарының сақталуына талдау жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру барысында бірқатар оқу орындары күндізгі бөлімде оқитын студенттер туралы мәліметтерді Ұлттық білім беру деректер базасына уақытылы әрі толық енгізбегені анықталған.
Соның салдарынан 803 студент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілмей, медициналық қызметтерге толық қол жеткізе алмаған.
Прокурорлық қадағалау актісінен кейін білім беру ұйымдары деректер базасына қажетті мәліметтерді толық енгізген.
Нәтижесінде 803 студенттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы құқықтары қалпына келтірілді.
Орал қаласының прокуратурасы азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.