Polisia.kz порталының мәліметінше, оқиға 16 мамыр күні болған.
Таңғы мезгілде "Омега" зауыты ауданындағы автожол көпірінің астынан қаннен-қаперсіз өтіп бара жатқан 30 жастағы әйелге күтпеген жерден ер адам шабуыл жасаған.
Әйел қашып кетуге тырысқанымен, қарақшы оны мықтап ұстап, жерге құлатып, алтын сырға, сақиналарын шешіп, телефонын тартып алған.
"Әйел адам полицияға жүгініп, жедел іздестіру іс-шаралары бірден жарияланды. Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында ұсынылған 15 азаматтың ішінен жәбірленуші 1971 жылы туған ер адамды көрсетті. Күдікті дереу құрықталды. Оның бұрын қылмыстыққа жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігіне (тонау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады", деп хабарлады ведомстводан.