Орал қаласында "Алый парус" компаниясының жүргізушілері жұмыс шартын жақсартуды сұрап, ереуілге шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Біз жарты жылдан бері медициналық сақтандырусыз жүрміз. Ауырып қалсақ, Жедел жәрдем қабылдамайды. Зейнетақы төлемдері де жоқ. Жалақы кешіктіріліп беріледі немесе толық төленбейді. Бұл мәселе шешілуі керек, – дейді механик Нұржан Төлеов.
Жүргізушілердің басты талабы – соңғы алты айда әлеуметтік және медициналық төлемдердің жасалмауы, жалақының кешіктірілуі және толық төленбеуі. Сонымен қатар, олар демалысқа шыққан жұмысшыларға тиесілі төлемдердің берілмейтінін айтып шағымданады.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов мәселені шешуге барынша тырысатынын жеткізген. Ол компания мемлекеттік субсидияның тек 70%-ын алатынын, ал толық қаржыландыру көлемі жетіспейтінін айтып отыр.
– Мәселе шешіледі деп сенемін. Дегенмен, жүргізушілер жұмысқа шығып, тұрғындарды тасымалдауды жалғастыруы керек. Қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз, – деп сөзін жалғастырды ол.
Қарсылық талаптарына сәйкес қаладағы №3, №35, №14, №3К және №51 бағыттарында қатынайтын автобустар халыққа қызмет көрсетпей тұр.