Оралда еуропалық технология көмегімен 25 мың жұп ерлер аяқ киімін тігуге қауқарлы фабрика жұмысын бастады, деп хабарлайды 24.kz.
Бұл әзірге бастапқы меже. Алдағы кезде әйелдер мен балалар аяқ киімін шығару да жоспарда бар. Сәйкесінше, өнеркәсіп кәсіпорнының өндірістік қуаты да арта түспек. Сәтін салса, дайын өнім ішкі нарықты қамтумен қатар, көршілес елдерге де шығарылады.
Аяқ киім фабрикасы тері өңдейтін су жаңа зауыттың жанынан іске қосылып отыр. Кәсіпорынның жобалық қуаты ауысымына 2 жарым мың қой және 750 бұқа терісін өңдеуге есептелген. Өндірістік желілер Италиядан сатып алынған. Қазір шикізатты бастапқы өңдеу шаралары жүзеге асырылып жатыр. Болашақта өндірістік кезең толық іске қосылған кезде жіңішке теріден балалар мен әйелдер аяқ киімі тігіледі. Өндірістік кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, дайын өнімнің бағасы арзан болмақ.
Түрік технологиясы негізінде жұмыс істейтін фабрика әзірге апта сайын 1 мың дана аяқ киім тігуді жоспарлап отыр. Маусымдық аяқ киімдер таза былғарыдан, яғни осы жерде өңделген теріден тігіледі. Барлық өндірістік желілер толықтай автоматтандырылған. Мамандар арнайы оқыту курстарында тәжірибе жинақтапты.