Оралда алғашқы қардан кейін тайғақ жолда BMW көлігімен дрифт жасаған 19 жастағы жүргізуші анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қауіпті маневр кезінде жол маңында жаяу жүргіншілер, оның ішінде кәмелетке толмаған бала да болған.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Ақтөбе мен Қаратөбе көшелерінің қиылысында түсірілген бейнежазба полиция назарына ілікті.
Тексеру кезінде жүргізушінің көлік басқару құқығы жоқ екені белгілі болды. Полиция қызметкерлері оны бейнебақылау камералары арқылы анықтаған.
Оқиғаға байланысты жүргізуші мен көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, ауа райы мен жол жағдайын ескеруге және өзге адамдардың өміріне қауіп төндірмеуге шақырды.