Орал қаласындағы шатыры құлап, қыстың көзі қырауда баспанасыз қалған 13 отбасы уақытша пәтерлерге көшірілді. Ал ескі үйдің орнына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көпқабатты тұрғын үй салып, одан тұрғындарға пәтер беру жайы қарастырылып жатыр, деп хабарлайды 24.kz.
Қаланың Мұхит көшесіндегі №124 үйдің төбесі құлап, 13 отбасы баспанасыз қалды. 1975 жылы салынған бір қабатты ғимараттың белағаштары қалың қардың салмағына шыдамай, опырылып құлаған. Шырт ұйқыдан шошып оянған тұрғындар жалма-жан далаға шығып үлгерген. Ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
"Қазіргі уақытта жұмыстар басталып кетті. Құзырыл мекеммелер орынға шығып, тұрғын үйдің басында жердің көлемі, қандай үй отырғызуға болады, сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әрі қарата инвесторлар іздестіріледі, үйді бұзып, орнына жаңа үй салу жөнінде", – дейді қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Миржан Нұртазиев.