Оралда бір үйдің құнына тең аялдамалар салынып жатыр

1211

Олардың қымбаттығы реніш туғызуда.

Оралда бір үйдің құнына тең аялдамалар салынып жатыр

Орал қаласында екі жылы аялдама орнатылып, төрт аялдамаға жергілікті музейлердің атауы берілген. Тұрғындар жаңа атауларды жылы қабылдағанмен, қымбат бағаға салынған аялдамаларға наразылық білдіруде, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Оралдағы екі жылы, жабық аялдама Н. Назарбаев даңғылы мен Әбілқайыр хан даңғылының бойына орнатылды. Олардың артықшылығы қалың шыныдан салынып, ішіне жаз мезгілінде салқындатып, қыс күндерінде жылытып тұратын қондырғылар қойылған. Ұялы телефонды қуаттап алатын тоқ көздері қарастырылған. Әрқайсының бағасы – 10 млн теңге. 

Айта кетейік, қалада қаңтар айында 7 млн теңгеге алғашқы жылы аялдама орнатылған еді. Көпшілік сол кезде-ақ оның қымбаттығына таңданыс білдірген. Бұл жолы олар бір пәтердің құнына бір аялдама салған шаһар басшылығына реніш білдіруде. Өйткені қаладан оншалықты ескі емес, екі бөлмелі пәтерді осындай бағаға сатып алуға болады. Оның үстіне, аялдамадан басқа да шешімін күткен маңызды мәселелер жетіп-артылады.

"Биыл құрылыс материалдары мен құрылыс қызметтері қымбаттағасын былтырғыдан қымбатқа түсті", – деп түсіндіреді қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысы Нұрлыбек Мұхаметқалиев.

Белгілі болғандай, келесі жылға тағы осындай 4 жылы аялдама мен 30 ашық аялдама орнату жоспарланыпты. 

Бұдан бөлек, Оралдың төрт бірдей аялдамасына музейлердің атауы берілді. Бұдан былай бұрынғы "Қазақтелеком" аялдамасы – облыстық музей, "Облыстық сот" аялдамасы – "Рухани жаңғыру" музейі, "Евразия институты" аялдамасы – Сәкен Ғұмаров музейі және Мәншүк Мәметова музейі деп өзгерген.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу