Оралдағы кеме құрастыру зауыты ФС-19 үлгісіндегі катерді су айдынына шығарды. Кеме ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің тапсырысы бойынша жасалған. Зауыт жиырма бес жыл ішінде дәл осындай 5 бірдей су көлігін құрастырыпты, деп хабарлайды 24.kz.
Кеме суға түсірілер сәт оралдықтар үшін ерекше оқиға болды. Сондықтан жиылған жұртшылықтың қарасы қалың. Олардың дені зауыт еңбеккерлері. Өйткені, тәуелсіздік жылдары ішінде олардың қолымен әр түрлі үлгідегі 27 су көлігі құрастырылған.
Жаңа катер еліміздің теңіздегі шекарасын қорғауға арналған. Су ығыстырғыштық салмағы 26 тонна. Бес қаруы сай, замануи навигация жүйесімен жабдықталған.
"Біз оны Каспий теңізінің акваториясында шекараны күзету үшін құрастырдық осы орал зенит зауытында. Бүгінгі таңда біздің шекара қызметіне 13 корабль соғылды, мынадай ФС-19 бесеуі соғылды. Сосын 2 жағалық жөндеу шеберханасы және 1 оқу жатығу стансасы соғылды, 25 жылдың ішінде", - дейді ҚР ҰҚК шекара қызметі жағалау күзеті басқарма басшысының орынбасары Серік Қалдыбаев.
Бұрын теңізшілер браконьерлерді ұстау үшін тікұшақ пайдаланатын. Қазір бұл істі сағатына 100 шақырымды еңсеретін катерлер ойдағыдай орындап жүр.
"Жаңа су көлігін жасау барысында тапсырыс берушінің ұсыныс-тілектерін ескердік. Мәселен, кеме корпусы толықтай жаңғыртылды. Су бетінде орнықты жүзуін қамтамасыз еттік. Сондықтан, жүрісін баяулатпай ақ таудай толқындарға төтеп бере алады", - дейді құрастырушылар.