Оралда өгей әкесі үш жасар баланы есінен танғанша ұрған

702

Оралда жыл басынан бергі алты ай ішінде отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынасқа байланысты 12 қылмыс тіркелген. 

Оралда өгей әкесі үш жасар баланы есінен танғанша ұрған

Орал қаласында 7 шілде күні өгей әкесінен есінен танғанша таяқ жеген үш жастағы бала ауруханадан жазылып шықты.

"Оқиға болған күні баланың анасы емізулі сәбиімен бірге көшеге серуендеп кеткен. Үйде ащы суға тойып алған күйеуі болады. Ұйықтап жатқан екі жасар балақан дәрет сындырғанда кафельді былғап тастайды. Соған ашуланған ер адам оны қатты итеріп жібергенде, сәби бетімен еденге құлап, есінен танып қалған. Өгей әкесі баланың есін жиғызбақ болып, бетіне суық су бүркіп, шапалақпен соққан", – деп баяндайды қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы Мәдина Құспанова.

Жедел жәрдем мен полиция осындай "көріністің" үстінен түскен баланың анасын шақырады. Әйелдің айтуынша, күйеуі бұған дейін де баланы ұрып-соғып келген екен. Бұрын  ұрлық, тонау, бопсалау баптары бойынша бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеп шыққан 32 жасар еркек уақытша оқшаулау изоляторына жабылды. Оның үстінен бала денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін ҚР ҚК 106 бабының екінші бөлігі бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

 "Баланың бас сүйегіне зақым келген. Бізге ауыр халде түсті. Оны дереу жансақтау бөліміне жатқызып, басын рентген мен КТ аппаратына түсірдік. Диагнозы: бас-сүйек жарақаты", – дейді облыстық балалар ауруханасының травматолог, ортопед дәрігері Болат Әлібаев. Уақыт өте жай палатаға ауыстырылған бала енді ем-домын үйден жалғастырады.

Орал қалалық ювеналды полициясынан алынған дерекке сүйенсек, биыл отбасы мүшелерінің мазасын алған жеті жүз ер адамға ескерту жасалып, әйелдерімен араласуына шектеулер қойылған. Жыл басынан бергі алты ай ішінде отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынасқа байланысты 12 қылмыс тіркелген. Төрт жағдайда кісі өлімі болып, қалғанында адамдар дене жарақатын алған.

Құралай Қуатова

тегтер: орал тұрмыстық зорлық-зомбылық ювеналды полиция Мәдина Құспанова Болат Әлібаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу