Оралда оқ тиген жігіт оңала бастады

596

Түнгі атысқа қатысқандар түгел ұсталған.

Оралда оқ тиген жігіт оңала бастады

Оралда оқ тиіп, ауыр жарақаттанған 23 жастағы жігіт ауыр отадан кейін аяғынан тұрды. Ауыр ота кезінде оның кейбір ішкі дене мүшелерін алып тастауға тура келген. Облыстық көпсалалы ауруханасы дәрігерлерінің тәжірибесінде науқастың мұндай ауыр жарақаттан кейін қатарға қосылуы өте сирек жәйт екен. 

Айта кетейік, Орал қаласында 20 қазан күні 23:00 сағат шамасында "Венойл" жанар-жағармай құю стансасының аумағында атыс болады. Сол кезде ізінен қуған бір топ адамнан қансыраған күйі жанталаса қашқан жас жігітті аталған бекеттің күзетшісі аман алып қалған. Оған оқ тиіп, қатты жараланған екен. Абырой болғанда, оқиға орнына полиция жасағы келіп қалып, қуғыншылар жігітті тауып алып, өлтіріп кетуге үлгермейді. Кейін анықталғандай, оқ тиген Кималь Носков – қаладағы балалар үйінің түлегі болып шықты. Ол Нұрсұлтан қаласындағы колледжде оқып, слесарь мамандығын бітірген.

"Ол жасөспірімдер үйінде бес жыл тұрды. Содан әр жерде жалдамалы жұмыстар жасап жүрді. Ресейге барып, жұмыс жасап та келді. Арасында дінге бет бұрған кезі де болды. Қасында апасы бар", – дейді "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің директоры Өмірбай Қалымбетов. 

Түнде болған атыстың жай-жапсары бейнекамераларға түсіп қалған. Кейін тәртіп сақшылары оған қатысқан жиырмаға тарта адамның бәрін ұстаған. БҚО полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Ғалым Байжановтың айтуынша, аталған дерек бойынша ҚР ҚК заңсыз қару қолдана отырып, топтық бұзақылық жасау және кісі өлтіруге ұмтылу баптары бойынша іс қозғалып отыр екен. Қылмыстық істің басқа жай-жапсары тергеу мүддесі үшін жария етілмейді. Әзірге белгілісі – жанжал екі адамның сөзбен керісуі салдарынан басталған.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу