Оралда оқушыны автобустан түсіріп кеткен кондуктор жұмыстан шығарылды

825

 Кондуктор түсіріп тастағаннан кейін ол аязда жеті аялдама бойы жаяу жүрген.

Оралда оқушыны автобустан түсіріп кеткен кондуктор жұмыстан шығарылды

Оралда баланы аязда автобустан түсіріп кеткен кондуктор жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға 23 қаңтар күні кешкісін Зачаган кентіне қарасты "Арман" шағынауданында орын алды. №10 мектептің 3-сынып оқушысы Ерасыл Ризоков №2 бағытпен жүретін автобусқа сабақ біткеннен кейін сағат 18:15 шамасында мінген. Қалтасында жолақыға ақшасы болмай қалған баланы кондуктор аялдамадан түсіріп кеткен. Өкінішке қарай, оқушыға ешкім араша түспеген, көмек қолын созбаған (балалар үшін  жолақы – 40 теңге). Қараңғы түсіп кеткендіктен, бала үйлерді жобалап жүре берген. Ақыры өз үйін тапқан. Бұл кезде оны ата-анасы мектептен, мұғалімдер мен оқушылардан сұрап, сабылып іздеп жатқан еді.

Ерасылдың анасы Сандуғаш Шойынжанованың айтуынша, ұлы сағат шамамен 19:30-да үйге келген. Әбден қорқып, жылаған бала не болғанын әзер түсіндірген. Кондуктор түсіріп тастағаннан кейін ол жеті аялдама бойы жаяу жүрген.

Оқиға туралы жергілікті БАҚ жазғаннан кейін "УралТехСервис" ЖШС басшылығы қызметтік тексеру жүргізді.

"Қазіргі кезде кондуктордың кім екендігі анықталды. Ер адам өзінің кінәсін мойындады. Жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын басшылығы аталған қызметкерді жұмысынан босату туралы бұйрық шығарды. Анасының сөзіне қарағанда, баланың жағдайы қазір қалыпты",– деп хабарлады қала әкімдігінен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу