Оралда онлайн үйлену тойы өтті

1441

Құдалар қалыңдықтың сырғасын курьермен жеткізіп, бір-бірімен чат арқылы танысқан. 

Оралда онлайн үйлену тойы өтті

Оралдық ару Қорлан Дүйсенова мен көкшетаулық Мәди Арсақайдың үйлену тойы бастан-аяқ онлайн түрінде өтті. Назарбаев университетінде оқып жүргенде танысып, көңіл жарастырған жастардың бас қосуы биылғы 13 маусымға жоспарланып, мейрамханаға екі жүздей адам шақырылып та қойған екен. Алайда, пандемия кезінде тәртіп бұзбауға ниеттенген екі жас пен болашақ құда-құдалар жағдайды елеп-екшей келіп, онлайн-тойға тоқтайды. Осылайша, қалыңдыққа салатын сырғаны курьер жеткізсе, той zoom платформасы арқылы өтеді. 

Бір қызығы, Қорлан Оралда да, Мәди Оңтүстік Кореяда оқып жатыр. Тараптар карантин кезінде күйеу жігіттің келмей тұра тұрғанын тәуір көрген. Дегенмен, Қорлан Дүйсенова бір айдан кейін сол елге барып, сондағы Қазақстан елшілігінде ресми некеге тұрмақ. 

"Бұл жағдайға еш ренжіген жоқпыз. Біз той болмаса да некемізді қиюшы едік. Енді Оңтүстік Кореяға барғасын екі апта карантинде жатамын. Содан кейін елшілікке барып, өтініш жазбақпыз", - дейді ол. 
Онлайн өткен тойға жан-жақтағы тума-туыс тегіс қосылып, бір-бірімен сол жерде танысқан. Ал асаба модератор болыпты. 

Тек соңғы бір апта ішінде Батыс Қазақстан облысында карантин тәртібін бұзып, той жасаған үш адам жауапкершілікке тартылған. Оның біреуі Жәнібек, екеуі Теректі ауданының тұрғындары. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу