Орал қаласында қалалық саябақтың жанындағы орман өртеніп жатыр. Кеше түс қайта басталған тілсіз жауды төтенше жағдай департаменті мен орман шаруашылығы қызметкерлері әлі өшіріп жатыр.
"Қалада "Ревунок" кафесінің жанында қамыс пен құрғақ шөп жанып жатыр. Оқиға орнында ТЖД-ға қарасты 18 адам, 4 техника және орман шаруашылығынан 5 адам мен бір техника жұмыс істеп жатыр", – деп хабарлайды төтенше жағдай қызметінен.
Ал тұрғындардың ішінде өрт болған жердегі Шаған өзенінің келесі қарама-қарсы жағалауына шығып, селфи жасап жүргендер көп.
Өрт аумағы шамамен 4 га жерді құрайды екен. Қазіргі кезде өрттің өсіп тұрған ағаштарға жетпеуі маңызды болып тұр. Бұған дейінгі шілде айында болған орман өртінде екі үй мен төрт қора-қопсы жанып кеткен болатын.
Құралай Қуатова