Қысы суық Орал қаласында жылы да жайлы аялдамалар пайда болмақ. Қалада бес жүзге жуық аялдама болса, оның 110-ы павильон түрінде жабдықталады.
"Бұл аялдамалар қыста жылы, жазда салқын. Тұрғындар онда қыстыгүні автобус күтіп, дірдектеп тұрмайды. Оларға арнайы жылу пештері мен кондиционерлер орнатылған", - дейді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев.
Осындай бір павильон құны 7 млн теңге тұрады. Ол 24 шаршы метр жерге есептелген, түн мезгілінде жабылып, қауіпсіздік камералары орнатылады. Жақын күндері бірінші болып Абай даңғылындағы павильон ашылмақ. Қазір онда әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.
Айта кетейік, мұндай "жылы аялдамалар" былтыр көршілес Атырау қаласында да салынған. Әрқайсысы 17 млн теңге тұратын тоғыз аялдама бүгінде карантин мен оларды бүлдіріп кете беретін вандалдардың кесірінен жабық тұр.
Құралай Қуатова