Оралда құрылған салт атты полиция жасағы өз жұмысын бастады. Тәртіп сақшылары шаһардың автокөлік бара бермейтін шеткері аймақтары мен саяжайлар аумағын күзетуде, деп хабарлайды Хабар арнасы.
Қаланың қасында 16 мыңдай саяжай болса, олардың басым бөлігі қыс мезгілінде қараусыз қалып жатады. Иесіз үйлердегі дүние-мүлік бұл кезде ұрылардың оңай олжасына айналады.
Алғашқы аптада-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қадағалаудың тың тәсілі тиімділігін танытты. Атты патруль 3 қылмыстың ізін суытпай ашқан. Кавалерия взводында 20 қызметкер болса, 25 мініс жылқысы сатып алынған және арнайы ат қора салынған.
"Әрбір полицейге өзінің жылқысы бекітілген. Автокөлік сияқты соның бәріне жауап береді. Денсаулығына, тазалығына да. Жылқыны кез келген адамға мініп жүру оңай емес. Оның қырын, сырын біліп, жануардың мінезін тану керек", - дейді Орал қалалық ІІБ кавалерия взводының командирі Мұхит Әбілқайыров.