Оралда сотқа құрметсіздік танытқан полицей жауапқа тартылды

167

Сот оған әкімшілік жаза ретінде ескерту жасаумен шектелді.

Оралда сотқа құрметсіздік танытқан полицей жауапқа тартылды Фото: zhaikpress

Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында полиция қызметкеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сот отырысы туралы хабарламалар полиция қызметкерінің жұмыс орнына және смс хабарлама арқылы жіберілді. Алайда полиция инспекторы Т. онлайн режимінде қосылғанымен, өз еркімен шығып кетіп, отырысқа қатыспаған. Бұл жағдай істі әрі қарай қарауға мүмкіндік бермеді. Сонымен қатар азамат А-ға қатысты материалдар сотқа зерделеу үшін ұсынылмаған.

"Полиция қызметкері өз кінәсін мойындап, сот отырысының өтетінін ұмытып кеткенін түсіндірді. Аталмыш кодекстің 653-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа құрметсіздік, яғни сот процесіне қатысушылардың өз міндеттерін орындамауы әкімшілік жазаға әкеп соғады. Бұл үшін ескерту беру, 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу шаралары көзделген. Сот полиция инспекторының құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын және өз ісіне өкінгенін ескере отырып, оған әкімшілік жаза ретінде ескерту берумен шектелді. Қаулы заңды күшіне енді", – деп хабарлады ведомстводан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу