Орал қаласында Ш. Айталиев көшесінде орналасқан "Береке" сүт комбинатының аумағында ірі өрт шықты.
Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 3 мың шаршы метр аумақты қамтыған өрт екі цехтың шатырынан басталған. Оның бірі – дайын өнім мен тоңазытқыш жабдықтар сақталған цех, екіншісі – балмұздақ өндіретін цех.
– Қазіргі уақытта құтқарушылар жоғары дәрежелі шақырту бойынша жұмыс істеп жатыр. Өрт сөндіру оқпандары іске қосылды. Зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге түскен жоқ, – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Өрт кезінде шыққан қалың түтін қаланың әр түкпірінен көрінген. Тұрғындардың айтуынша, оқиға салдарынан ауа тарылып, тыныс алу қиындаған.
ТЖД мәліметінше, өрт сағат 16:38-де оқшауланды.