Оралда той жасаған туысының кесірінен шенеунік жұмыстан шығарылмақ

1211

Оның балдызы карантин кезінде той жасап, жазадан құтылып кеткен.  

Оралда той жасаған туысының кесірінен шенеунік жұмыстан шығарылмақ

Орал қаласы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ербол Арыстанғалиев туысының кесірінен қызметінен қуылғалы жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz "Мой город" порталына сілтеме жасап.

Шешімді әдеп кеңесі қабылдаған.

2021 жылғы тамызда Зашаған елді мекеніндегі мейрамханалардың бірінде Арыстанғалиевтың балдызы (әйелінің інісі) той жасаған.

Мониторинг тобы карантин кезінде өткізуге тыйым салынған іс-шара туралы естіп, үйлену тойына келген. Топ құрамында Зашаған әкімі Аққали Әубәкіров пен әкімдіктің маманы Жігер Батыров болды.

Онда олар күйеу жігіттің облыс орталығындағы шенеуніктің туысы екенін анықтайды. Мониторинг тобының мүшелері жағдайға "түсіністікпен қарап", іс қозғамаған. Кейін осы "мейірімділігі" үшін өздері жауап беруге тура келген.

"Тіпті шенеуніктердің үстінен қылмыстық іс қозғағалды. Бірақ қылмыс құрамының болмауына байланысты оны жауып, материалдар мемлекеттік қызмет істері департаментіне берілді. Әдеп кеңесінде Батыров пен Әубәкіровтың қызметтік талаптарға толық сәйкес келмейтіні туралы қалалық әкімдікке ұсыныс жолдау туралы шешім қабылданды", – деп жазылған хабарламада.

4 ақпандағы отырыста Ербол Арыстанғалиев өз кінәсін мойындады.

"Мен тойға қарсы болдым", – деп ақталды Ербол Арыстанғалиев этика кеңесінде.

Кеңес мүшелерінің пікірі қақ жарылды. Кейбірі шенеуніктердің жарты жылдан аса уақыт бұрын жасаған әрекеті үшін жазалаудың керегі жоқ десе, басқалары мұнымен келіспеді.

"Бәрі өзінен (Ербол Арыстанғалиев) басталды. Ол жан-жаққа телефон соққан, оның кесірінен әріптестері жазаланып отыр. Сондықтан жаза қатаң болуы керек, менің ұсынысым – қызметінен босату", – деді кеңес мүшесі және облыстық ревизиялық комиссияның төрағасы Әлібек Қадырбеков.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов Ербол Арыстанғалиев маман ретінде жақсы жағынан көрінгенін айтты.

Осыған қарамастан, дауыс беру кезінде Орал қаласының әкіміне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ербол Арыстанғалиевті қызметінен босатуды ұсыну туралы шешім қабылданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу