Орал қаласында топырақ үстіне асфальт жол салынып жатырғаны жөнінде бейнежазба тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Бейнежазбада тұрғын Зачаган кентіндегі Баянсұлу көшесінде не қиыршық тас (щебень) жоқ, не битум жоқ, топырақтың үстіне асфальт құйылып жатырғаны жөнінде хабарлаған.
Зачаган кентінің әкімі Аққали Әубекеровтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, қазіргі кезде ауылішілік жолдар жаңа технология бойынша салынуда.
Оның сөзіне қарағанда, жолдың астына қиыршық тас төселмейді.
"Егер қиыршық тас салынса, бір жерден жарылса, су өтіп кетіп, топырақ опырылады. Мұнда басқаша, топырақтың үстіне құм-қиыршық тас қоспасына қоса цемент төгіледі, сонда қабаты өте қатты болады. Мұны АНТ технологиясы дейді. Бұдан үш жыл бұрын Құс фабрикасы шағынауданында жол осылай төселді. Қазір автобус жүреді, шағым жоқ, егер беті жарылса, жөнделеді. Биыл Автомобилист шағынауданында да асфальт осындай технология бойынша төселді", – деді А.Әубекеров.
"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК Батыс Қазақстан филиалының бөлім басшысы Дәурен Әміров Баянсұлу көшесіндегі жолдың топырақты тұрақтандыру арқылы АНТ технологиясы бойынша салынып жатқанын жеткізді.
"Мұндағы жолдың негізі – АНТ, яғни, топырақ, құм-қиыршық тас қоспасы, цементті химиялық тұрақтандыру қосып, қалыңдығы 25 сантиметр қабаттың үстінен асфальт төсейді. Бұрынғы жобалардағыдай қиыршық тас жеке-жеке салынбайды. Мұнда бір ғана қабат, материалды үнемдеу жағынан да тиімді. Қазіргі кезде осындай жобалар көп қолданылуда", – деді Д.Әміров.