Оралда қатаң режимдегі мекемеде жазасын өтеуші тұтқын медициналық қызметкерлерге шабуыл жасаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kz-ке сілтеме жасап.
Дәрігерлердің айтуынша, сотталушы өзіне ұсынылған еммен келіспей, қызметкерлерге тап берген. Зардап шеккендер жедел жәрдем бөлмесіне барды. Жағдай бойынша қызметтік тергеу басталған. Оқиғаға байланысты дәрігерлер колониядағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді сұрайды. Қазір онда ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған 700 адам жазасын өтеп жатыр.
“Осы оқиғадан кейін жұмыс істеуге қорқамыз. Бізге дабыл түймелерін орнатып беріңіздер. Бір ғана бақылаушы кезекшілікте. Қауіпсіздікті күшейту керек. Мұнда біз 5 әйелміз. Күніне 40 сотталған тексеріліп, емделуге келеді”, – деді медбике Назымгүл Әубәкірова.
Аталған оқиғадан кейін 3 адам зардап шекті.
“Орташа дәрежеде зақым келіп, көгерген. Бір медицина қызметкерінде іш қуысының жұмсақ тіндері, екіншісінде еріннің жұмсақ тіндері, үшіншісінің кеуде және иық буыны көгерген. Олардың жағдайы қанағаттанарлық, амбулаторлық ем алуда”, – деді Орал қаласындағы №2 емхана директорының орынбасары Амина Дармағанбетова.