Орал қаласында бір топ ер адам жаппай төбелес шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Мой город" порталына сілтеме жасап.
Оқиғаның бейнежазбасында екі жігіттің көпшіліктен қашып бара жатқанын, қалғандары олардың артынан жүгіріп бара жатқанын көруге болады. Одан кейін оларды қуып жеткендердің бірі болжаммен пневматикалық мылтықты алып, қарсыласын екі рет атады. Бір топ адам жерге құлаған адамды ұрып-соғады. Бірнеше соққыдан кейін ер адам орнынан тұрып, қашып кетеді.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің дерегінше, оқиға қаладағы түнгі клубтардың бірінде болған.
"Таңғы сағат 5-те түнгі клубқа ер адам барған, ол мас әрі агрессивті күйде болғандықтан, күзетші оны ішке кіргізбеді. Кейін ер адам мекемеге келген басқа адамға және күзетшіге пышақ сұғады. Түнгі клубтағы адамдар мен күзет қызметі қолында пышағы бар ер адамды жанармай құю бекетінде ұстады, оны полицейлер келгенге дейін ұрып-соққан. Оған қатысты денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру және бұзақылық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, күдікті ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.
Мекеме күзетшілеріне қатысты бұзақылық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Олардың бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір оқиғаның барлық қатысушысы анықталып, ұсталды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.