Оралда коммерциялық мақсаттағы жерлерді сатудан қала бюджетіне 72 млн теңге түсті, деп хабарлайды 24.kz.
Былтыр жаздан бері ағылшын әдісімен ұйымдастырылған үш аукцион барысында 17 жер телімі саудаға шығарылған. Аукцион жеңімпаздарына жер 3 жылға жалға беріледі. Аталған мерзімде игерілмесе, мемлекет меншігіне қайтарылады.
Осы айдың аяғында тағы 10 жер телімі кәсіпкерлерге ұсынылмақ. Ол үшін қажетті құжаттар толық әзірленген. Жалпы жыл соңына дейін шаһарда 70-ке жуық жер телімін сату жоспарланып отыр.
"Аукционға дайындап жатқан мезгілде біздер, біріншіден, бүкіл мекемелерге, 13 мекемеге схеманы, ақпаратты жібереміз. Олар тексеріп қарайды. Егер келісімін бізге берсе, біз Жер кодексіне сәйкес жерге орналастыру жобасын дайындаймыз. Жер жобасын дайындағасын хабарлама беріп, аукционға шығарамыз", - дейді қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Бейсембалиев.