Облыс орталығындағы жолдарды қалыпқа келтіру үшін 7 млрд теңге бөлу жоспарланған, алайда бұл қаражаттың тек 750 млн теңгесі ғана берілген. Сол себепті жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған. Ал, бөлінген қаражатқа жол жиегіндегі тротуарлар ғана жасалыпты. Бұл туралы қоғамдық көлік және автомобиль жолдары басқармасының мамандары айтты, деп хабарлайды Atameken Business.
Жалпы облыс орталығындағы жолдардың 50%-на асфальт төсем керек. Жолдың жоқтығынан қала маңындағы тұрғындар зардап шегуде. Олардың айтуынша оқушылар мектепке барарда қиналады, жаңбыр жауса жүру тіпті мүмкін емес екен. Қоғамдық көліктер болса жолда тұрып қалып, тұрғындарды әбігерге салатын көрінеді.
Жергілікті қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдар Менеевтің айтуынша, биыл 3,5 млрд теңгеге жоспарланған жұмыстар басталған. Қаржыландырудың болмауына байланысты жұмыстар тоқтап қалған.