Оралда жолаушы қызды зорлаған такси жүргізушісі мен сыбайласы қамауға алынды

980

Полиция күдіктілерді анықтап, қолхатпен босатып жіберген.

Оралда жолаушы қызды зорлаған такси жүргізушісі мен сыбайласы қамауға алынды

Орал қаласының көлікке мінген жолаушы қызды зорлаған екі күдікті қамауға алынды. Олар кінәсі дәлелденген жағдайда 9 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Қылмыстық оқиға 8 тамызға қараған түні болған. Құрбысының үйінен кештетіп шыққан қыз "индрайвер" қосымшасы арқылы такси шақыртады. Көлік келгенде оның ішінде бір ер адам отырған, қыз оны өзі сияқты жолаушы екен деп ойлапты. Алайда, оны айтқан жеріне апаруы тиіс жүргізуші машинасын қаланың сыртына бұрып әкетеді. Таса жерге барғасын салонның есіктерін жауып тастап, қызды еркінен тыс зорлайды.

Белгілі болғандай, бойжеткен ертеңіне таңертең дереу полицияға хабар берген. Тәртіп сақшылары іле-шала 26 және 28 жастағы екі ер адамды құрықтайды, сараптамалық талдаулар олардың іске қатысы барын анық көрсетіп, екеуі қылмыс жасағандарын мойындаған. Дегенмен, кейін күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылыпты. Бұған жәбірленуші наразылық танытып, жергілікті БАҚ-тарға шағымдануда.

"Ауыр бап бойынша айып тағылған күдіктілерге, біріншіден, куәгер мәртебесі берілген, екіншіден, олар не себепті бостандықта жүр, ол жағы бізге түсініксіз", — дейді адвокат Мереке Ғабдуәлиев.

Қыздың өзі осы оқиғадан кейін қатты күйзеліске ұшырап, ер адамдарға деген сенімін жоғалтқан, өмір сүруден баз кешкен кездері де болыпты. Такси жүргізушісі мен тағы бір жолаушының кінәсі дәлелденген жағдайда ҚР ҚК 120 бабының 2-бөлігі бойынша 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу