Орал қаласында полиция қызметкерлері әйелді өлтірген күдіктіні анықтап, қолға түсірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қылмыскерді анықтауға оқиға орнында табылған саусақ ізі көмектесті. Оқиға болған жерді мұқият тексеру барысында криминалист маман үйден саусақ ізі қалған әйнек сынығын тауып, тәркіледі.
Одан әрі деректер базасында бірдей саусақ ізін анықтау үшін салыстырмалы талдау жүргізілді. Тексеру барысында алынған саусақ іздері кімге тиесілі екендігі анықталды. Ол қаза болған әйелмен көршілес тұрған Орал қаласының 28 жастағы тұрғыны екені белгілі болды. Сондай-ақ оқиға орнынан басқа да заттай дәлелдемелер алынды.
Күдікті ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы және Орал қалалық ПБ-ның полиция қызметкерлері дереу жіберілді.