Оралдағы ескі және бітпей қалған құрылыстар күн тәртібінде тұр

1149

Олармен айналысатын арнайы комиссия құрылған.

Оралдағы ескі және бітпей қалған құрылыстар күн тәртібінде тұр

Оралдағы "сақалды құрылыстар" қаланың көркін бұзып қана қоймай, балалар үйірсектеп, ойнайтындықтан қауіп төндіріп тұр. Оның үстіне, бір кездері басталған жобалар қайткенде де аяқталып, көптің игілігіне қызмет ету немесе иесін табыс әкелуі керек қой. Оларды аралап шыққан аймақ басшысы әлеуметтік парақшаларында инвесторларға үндеу де жариялаған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Айта кетейік, мәселеге бұған дейін де көңіл аударылған еді. Былтыр осы проблеманы шешумен айналысуы тиіс ведомствоаралық комиссия құрылып, қаладағы тозығы жеткен және құрылысы аяқталмаған 28 ғимарат тексерілді. Сөйтіп, Шолохов, Жәңгірхан, Урдинская, Ақтөбе, Тәуелсіздік көшелерінің, Әбілқайыр хан даңғылының бойында және Д.Қонаев атындағы ықшамауданда көптеген нысандар ретке келтірілді. Қалалық әкімдік маңындағы және полиция департаменті жанындағы екі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау мәселесі ерекше бақылауда болды. Бүгінгі таңда нысандарға инвесторлар табылып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Нәтижесінде он жыл бойы тоқтап тұрған қос ғимараттың құрылысы бір жыл ішінде толықтай аяқталатын болады. Сондай-ақ, жаздың басында механикалық зауыт аумағындағы жаңа қоғамдық монша пайдалануға беріледі. Нысан иелері 70 жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Монша аумағы 3600 шаршы метрді құрайды.

"Өкінішке қарай, күрделі әрі түсініксіз келісімшарт кесірінен бұрынғы "Омега" зауыты маңындағы қараусыз қалған өндірістік ғимараттардың тағдыры әлі шешілген жоқ. Біз бұл сұрақты шешу жолын қарастырудамыз. Отыз мыңға жуық адам тұратын бұрынғы "Ет комбинаты" ауданына тұрғындардан арыз-шағым көптеп түсуде. Менің ойымша, бұл ауданның болашағы зор. Өткен жылдың соңында мұнда №33 орта мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілгенімен, бұл ауданда әлі де мектеп тапшылығы бар. Бұған дейін жеке инвестиция есебінен "Атлант" спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл тұрғындарға жеткіліксіз", - деп жазды облыс әкімі Ғали Есқалиев әлеуметтік парақшаларында инвесторларға арнап жазған үндеуінде.

Оның тапсырмасы бойынша қала әкімдігі "Ет комбинаты" ауданының кешенді даму жоспарын құру үшін және қажетті әлеуметтік, өндірістік, коммерциялық нысандарды анықтау мақсатында аталған аудан тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізбек. Бұрын бұл жерге инвестиция салуға ниет білдірген кәсіпкер алғашқы жоспарынан бас тартқан. Енді мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша жұмыс жасайтын инвестор іздестірілуде.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу