Батыс Қазақстан облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, орман өрті туралы хабар 27 шілде күні сағат 13:35-те түскен.
Оқиға орнына Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері дереу барып, өртті сөндіру жұмыстарына кірісті. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына электр бағанының құлап, сымдардың қысқа тұйықталуы себеп болған.
Тілсіз жаумен күреске орманшылармен қатар Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері және Көшім орман шаруашылығының мамандары жұмылдырылды. Сондай-ақ Атырау қаласы мен Ақжайық ауданының Чапаев ауылынан екі тікұшақ тартылды.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының алдын ала дерегіне сәйкес, шамамен 15 гектар аумақтағы үйеңкі мен шаған ағаштары отқа оранған. Қазіргі уақытта оқиға орнында екі тікұшақ жұмыс істеп, өртті толық сөндіру шаралары жалғасуда.