Оралдық әнші Ержан Максим ресейлік "Голос. Дети" конкурсының финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ержанның анасы Гүлмира Әлібектің айтуынша, Валерий Меладзенің командасында болған 11 жасар ұлы "Жекпе-жектер" кезеңінен сүрінбей өтті.
Онда оралдық жас әнші өзімен байқауға қатар қатысып жатқан Иван Стариков және Ислам Балкоевпен Муслим Магомаевтың "Синяя вечность" әнін орындады. Тәлімгері Валерий Меладзе осы үшеуінің ішінен Ержанды таңдады.
Бағдарлама соңында қатысушылар тағы да іріктелді. Соның нәтижесінде екі финалист анықталды. Ержан Максиммен бірге Михаил Григорянға финалға жолдама берілді.
Оның алдындағы сында Ержан Андреа Бочеллидің "Ama credi e vai" әнін орындап, тамаша дауысымен қазылар алқасын таңғалдырған болатын. Қазылар Светлана Лобода, Пелагея және Валерий Меладзе үшеуі бірдей бұрылып, қазақстандық жас орындаушыны өзіне баулуға алуға ықылас білдірді. Ержан солардың ішінен атақты әнші Валерий Меладзені таңдаған еді.
"Жекпе-жектер" кезеңі 2 наурызда өтті. Тек байқаудың ережесі бойынша нәтижесін ешкімге айтуға болмайтын еді. Сондықтан қорытындысы кейін белгілі болып жатыр. Енді 19 сәуірде қосымша кезең, 26 сәуірде финал және суперфинал болады. Ержанның Оралдағы ұстазы – белгілі әнші Дария Бақытова. Ақтаудағы вокалист ұстазы – Нұргүл Медербекова. Қазір Ақтау қаласында дайындалып жатырмыз",– деді Гүлмира Әлібек.
Ержан Максим – жастығына қарамастан, республикалық, халықаралық додаларға қатысып, топ жарып үлгерген әнші.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Максимнің Ригада өткен фестивальда үш мәрте жүлдегер атанған, Италияның Сан-Ремо қаласында бірінші орынды иеленген.