Бүгін, 10 тамыз күні, БҚО мамандандырылған тергеу сотында полиция департаменті тергеушісінің 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелдіні қамауға алу туралы өтініші қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz басылымына сілтеме жасаған inbsusiness.kz.
Іс материалдарына сүйенсек, алтыншы тамыз күні күдіктілер "Рахат-Лукум" караоке-мейрамханасында отырып, аталған мекеменің басшысы Еркін Мұханғалиевпен кездескен. Олардың арасында кикілжің туындап, Қожантаев өзінің пышағын алып, оның өмірлік маңызды ағза мүшелеріне, атап айтқанда кеудесі мен мойын тұсына пышақ жарақатын салған. Бұл уақытта оның жанында отырған Амангелді сөмкесінен пышақ алып, мекеме әкімшісіне қоқан-лоққы көрсеткен.
"Өзінің өмірінен қауіптенген Мұханғалиев ашық тұрған терезеден қашпақ болған. Бұл уақытта Қожантаев оның бел тұсына тағы да бірнеше мәрте пышақ сұққан. Жаралы Мұханғалиев орталық стадионға қарама-қарсы беттегі көлік тұрағына қарай жүгірген. Күдіктілер оны қуып жетіп, жерге құлатқан. Осы уақытта Амангелді оны бірнеше мәрте тепкен. Осы уақытта Қожантаев да жетіп, Амангелдіден пышақ сұраған. Амангелді оған пышақты беріп, нәтижесінде оған алтыдан кем емес пышақ жарақатын салған. Мұханғалиев сол жерде жан тапсырған. Қожантаев пен Амангелді оқиға орнынан қашып кеткен", – деп оқыды прокурор Тәжғалиева.
Сарапшының қорытындысына сай, Мұханғалиев мойын, кеуде, бел тұсынан алған жарақаттардан және ұйқы күретамырының, оң жақ бүйрегінің зақымдануынан қайтыс болған.
Мемлекеттік айыптаушы күдіктілердің оқиға орнынан қашып кеткенін, жұмыссыз екенін, сондай-ақ жасаған қылмысының тым ауыр екенін, олардың қашып кетуі және қылмыстық істің объективті тергеуіне кедергі жасауы мүмкін екенін ескере отырып, олардың екі айға қамауға алынуын санкциялау туралы полиция департаментінің тергеушісінің өтінішін қанағаттандыруды сұрады.
Ал Қожантаевтың өзі екі әйелі, бала-шағасы бар екенін, олардың бірінің ай-күні жетіп отырғанын жеткізіп, екі айға өзін қамауға алмауын өтінді.
Өз кезегінде Тұрлан Амангелді Қожантаевтың өзіне қысым көрсеткенін, сол себепті сол күні жанында жүруге мәжбүр болғанын мәлімдеді. Екі күдікті де бұған дейін сотталмаған. Судьяның шешімімен күдіктілер екі айға қамауға алынды.
Фото: Медета Медресова