Олар Арал ауданындағы "Қамбаш" олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына орналастырылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Мекемеде балаларға барлық қажетті жағдай жасалып, офлайн оқу процесі, сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі спорттық, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
"Оралдық балалар 10 күн бойы аталған орталықта білім мен тәрбие ғана алып қоймай, түрлі мәдени-сауықтыру іс-шараларға қатысады. Оқушылардың әр сағаты алдын ала жоспарланып отыр. 5 мезгіл тамақ қарастырылған. Сонымен қатар, ауданның тарихи-мәдени орындарына, киелі жерлеріне саяхат жасайды", - дейді Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.
Бүгінде Арал аудандық білім бөлімі жанынан жасақталған волонтер-педагогтер сабақ беруге көшті. Алғашқылардың бірі болып №73 орта мектептің мұғалімдері өз жұмысын бастап отыр. Ұстаздар 5-9-сыныптарға жасалған кесте бойынша сабақтарын өтуде.
"Мен БҚО, Қаратөбе ауданы, Аққозы ауданынан келдім. Біз осы күні "Қамбаш" лагеріне демалуға келдік. Демалыспен қатар сабақ өтіп жатырмыз. Алғаш келген күні танысу кеші өтіп, әр топ өз өнерін көрсетіп, бір-біріне тілегін білдірді. Бізге тәрбиеші апайлар қарайды және қосымша білікті мамандар жұмыс істеп жатыр. Достарымызбен бірге "Қамбаш" көліне экскурсия жасадық. Осы сапардың қызықты оқиғаларын жақындарымызбен бөлісетін боламыз. Қиын күндер артта қалса екен", - дейді Алина есімді оқушы.
Еске салайық, ҚР Оқу-Ағарту министрлігінің ұсынысымен Батыс Қазақстан облысындағы Теректі және Қаратөбе ауданының 103 оқушысын Арал, Қазалы аудандық білім бөлімдері қарсы алған болатын.