Орал қаласы тұрғындарының жылу берешегі 400 млн.теңгеге жетіпті. Ал "Жайықжылуқуат" АҚ мекемесі тек алдағы жылыту маусымына дайындыққа 405 млн.теңге жұмсамақ, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Қазіргі күні қалада ыстық су беру тоқтатылған. Ол халықтың берешегіне емес, қыс мезгіліне дайындалып жатқан "Жайықжылуқуаты" ЖШС-ның жылу тасымалдағышты тоқтатып қойғанына байланысты. Тұтынушыларға 23-27 тамыз аралығында ыстық су болмайтыны хабарланған.
Өкінішке қарай, қала тұрғындарының жылуға бережағы қазіргі күні 400 млн.теңгеге жеткен. Мұның ішінде, 150 млн.теңге бұған дейінгі жиналған, 190 млн.теңге 2021 жыл басынан бергі, 60 млн.теңге соңғы айдағы қарыз. Соған қарамастан жоспарлы түрде кешенді жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан кәсіпорын оған 405 млн.теңге қарастырып отыр екен.
"Жоспар бойынша, жылу электр орталықтарын жөндеуге 197 млн. теңге, жылу желілерін жөндеуге 208 млн. теңге жұмсалады. Қазіргі күні 164 млн.теңге игерілді", - дейді "Жайықжылуқуаты" ЖШС бас директоры Қуат Мусин. Белгілі болғандай, жылу желілерін ауыстыру бойынша жұмыстар әзірге 70 пайызға орындалған.
Құралай Қуатова