Финалда Оралдың "Ақжайығы" мен Шымкенттің "Ордабасы" командалары кездесті. Кездесуді оралдық футболшылар өте сенімді бастады.
Ойынның 7-минутында Завен Бадоян есеп ашса, Тома Табатадзе 10-минутта есепті үстемелей түсті.
Шымкенттік клуб сапынан Самат Шәмші 26-минутта баспен гол соғып, есеп айырмасын қысқартса, 51-минутта Всеволод Садовский таразы басын теңестірді.
Одан кейін Тома Табатадзе 67, Максим Каленчук 74-минутта қос гол соғып, қайтадан "Ақжайық" басымдықты екі голға жеткізді. Ал "Ордабасы" сапынан Максим Федин 76, Луиш Гедеш 98-минуттарда мергендік танытып, есеп қайта теңесті.
Кездесудің негізгі кезеңі 4:4 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты.
Ойынның 117-минутында оралдық клуб қақпасына белгіленген пенальтиден Эльхан Астанов мүлт кеткен жоқ.
Осылайша, қарсыласын 5:4 есебімен жеңген "Ордабасы" өзінің тарихында екінші мәрте кубокті төбесіне көтерді. Олар бұдан бұрын 2011 жылы Қазақстан кубогіне ие болса, 2007 жылы финалда Қостанайдың "Тобылына" есе жіберіп қойған еді.
Аталған турнир 1992 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді.
Бұған дейін Алматының "Қайраты" 10 мәрте кубокті төбесіне көтерді. Барлығы 15 команда кубок иегері атанды.