Өркениеттен өгейлік көріп отырған ауыл бар

564

Түркістан облысында бүтін бір ауыл бүгінде жарыққа жарымай, жол азабын тартып, тұзды су мен шөл басып отыр.

Өркениеттен өгейлік көріп отырған ауыл бар Фото: inbusiness.kz

400-дей тұрғыны бар Тасқұдық  ауылы Сарыағаш ауданының аумағына кіреді. Екі күннің бірінде қараңғыда қалатын халық үшін интернеттің игілгін көру тіпті арман. 

Тасқұдық ауылы Сарыағаш қаласынан жүз шақырымдай қашықта орналасқан. Мұндағы жұрт өздерін "биліктің есінен шығып кеткен ауыл" -деп, есептейді. Өйткені, ел Егемендігін алғалы ауылға бірде-бір көңіл бөлінбеген. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары тартылған электр желілері әбден тозған. Жиі сөнеді.  

Жарықтан бөлек ауылдағы қара жолдың жайы да жұрттың   жүйкесін жұқартқан. Ойдым-ойдымы шыққан жол жөндеу көрмеген. Елді мекенді орталықпен байланыстыратын жалғыз көпірден жұрт жанын шүберекке түйіп әзер өтеді.  Ал, интернетпен қамтылған елді мекен деген атауы ғана, байланыс тым нашар. 

"Күнделік кз-ке кіруіміз керек. соған қиналамыз. Мынау биік-биікке. қырға жотаға шығып, күнделік кз-ке кіреміз. Көрші ауылдардан интернет тартады, сонымен жұмыс істейміз", дейді Тасқұдық ауылының тұрғыны Мұрат Қожабеков.

Ауыл жайымен жергілікті билік жақсы таныс. Айтуларынша кезінде интернет құрылғысын орнатқан компания жұмысты сапасыз атқарған. Соның кесірі қазір халық тиіп отыр. Сондықтан мердігерге айыппұл салынып, басқасын орнату міндеттелген.  Ал, таза сумен жолдың жайы жақын арада реттелмейтін сияқты. 

"Жерасты су қоры зерттелмей, ауызсу кіргізілмейді. Ол проектісі биыл дайын болады да, жоспар бойынша келесі жылы қазылады деп күтілуде. Зерттеледі, зерттелгеннен кейін арғы жағында өзінің уақыты бар", дейді Әлімтау ауылдық округінің әкімі Зайырбек Мәліков.

Қысқасы ауызсу мәселесі жақын арада шешілмейді. Жолды жөндеп, жаңа көпір салу үшін қаржы тапшы. Ескірген электр желілерін жаңартуға әлі жоспар да жасалмаған. Сондықтан Тасқұдықтағы тұрғындардың өркениет игілігін тек теледидардан тамашалай тұруға тура келеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу