Өркениеттен тыс қалған тұрғындар наразылық білдірді

474

Таразда қала құрамына енсе де, өркениеттен жұрдай алқап бар. Өйткені не жолы жөнделмейді, не көше жарығы жанбайды. Түссіз отыны тартылған, алайда кіргізу құны қымбат. Жел тұрса болғаны, айнала тас-түнекке айналады.

Өркениеттен тыс қалған тұрғындар наразылық білдірді

"Химик" алқабындағы әлеумет көзден де, көңілден де кеттік деп өкпелі. Өйткені "қала құрамында" деген аты ғана дейді. Былайша алқап инфрақұрылымнан ада. Әлеуметтің әйтеуір арызы көп. Әуелгісі  жарық.

Мұнда негізінен көпбалалы отбасылар тұрады. Жарымжандар да көп. Жұрт тым құрығанда осыларға газ тартуда жеңілдік болса дейді. Өйткені көмірдің өзін алуға қараша қиналады. Ал коммуналдық төлемдер кооператив негізінде төленеді. Төраға айлығы  да, тұрғындар мойнында.  

Шаһар басшысы болса, өткен айда  ғана алқаптағы жарық желісі қалаға тартылады деп уәде берген. Алайда өзгеріс жоқ.  

Тұрғындар 90 жылдардағы тозығы жеткен заманға тап болдық дейді. Жолдың өзі қырық жамау. Ертең күн жылынса, тобықпен балшық кешеміз дейді. Ал қызығы көше жарығы кіріп тұр. Бірақ жарығы жоқ. Тұрғындар сән үшін қойылған ба дейді. 

"Химик" алқабында не ойын алаңшасы, не құлшылық қылар мешіт, тіпті  дәріхана атауымен жоқ. Арыздарды арқалап, қалалық тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық бөліміне бардық. Басшы жоқ, жиналыста екен. Артынан телефон шалдық. 

Жұрт мәселесіне әкімдіктен жарытып жауап берер жан табылмады. Ішкі саясат әкім орынбасары жауап береді деді. Ал баспасөз қызметі бөлім басшысына сілтеді. Сайып келгенде тұтас әкімдіктен спикер шықпады. Демек, мәселе жалғасын тауып, арна назарында болады. 

Нұрлан Асқар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу