Орман қорын сақтауда Финляндия тәжірибесін зерделеу ұсынылды

416

Жеке орман шаруашылығын дамытуды белсенді енгізу қажет. 

Орман қорын сақтауда Финляндия тәжірибесін зерделеу ұсынылды Фото: freepik

Мемлекет тарапынын нақты қолдау механизмін енгізу өзекті. Бұл туралы депутат Еділ Жаңбыршин Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Аталған институтты енгізу орман алқаптарын ұлғайтуға ықпал етіп, питомниктер пайда болып орман бизнесін дамытуға серпін береді. Ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылады, көгалдандыру жұмыстары қажетті материалдармен қамтамасыз етіледі және экологиялық ахуал жақсара түседі. Мәселен, бізді Финляндия тәжірибесі қызықтырып отыр. Финляндияда орман қорының шамамен 60%-ы жеке меншікте, яғни иелері өз ормандарын мұқият қадағалайды деген сөз. Олар мемлекеттік органдармен, ғалымдармен бірлесіп ормандарды сақтау, қорғау және дамыту ғылыми-практикалық жұмыстарын жүргізіп, барлық мәліметтер қамтылған орманның егжей-тегжейлі картасын жасауына жәрдемдеседі", - деді халық қалаулысы.

Сөзінше, бұл елде ағаштар және ауа-райы туралы деректер негізінде өрттің өршуін бағалауға мүмкіндік беретін болжамдық модель жасалған.

"Ең бастысы Финляндияда орман қорын сақтау тәсілі өте жақсы дамыған. Бұл мемлекетте ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында оттың қандай да бір түрін, кез келген ауа-райында орманда белгіленген орындардан тыс жерде от жағуға тыйым салынған. Орманда от жағуға арналған арнайы орындар белгіленіп, тиісінше жабдықталған. Орман өрті шыққан әрбір жағдай мұқият тергеп-тексеріледі. Бізде де мұндай тыйым салу бар, бірақ азаматтарымыздың санасында өрт қауіпсіздігінің мәдениеті мен тиісті жауапкершілігі қалыптаспаған", - деп атап өтті спикер.

Еділ Жаңбыршин осы бағытта мемлекеттік органдарды жұмыстар жүргізуге шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу