Премьер-министр Олжас Бектенов бірнеше облыстағы орман мекемелері өрт маусымына дайын емес екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биыл Қазгидрометтің болжамы бойынша жаз мезгілі ыстық әрі құрғақ болады деп күтіліп отыр. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. Дала мен орман алқаптарында қазірдің өзінде күніге өрт шығып жатыр. Сондықтан барлық қызметтер шұғыл қимылдап, үйлесімді әрекет етуі қажет. Тексеріс көрсеткендей, табиғи өрттердің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары барлық өңірде бірдей тиісті деңгейде іске асырылып отырған жоқ. Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы елді мекендердің айналасынан минералды белдеу жасау жұмыстары басталмаған", - деді ол.
Сөзінше, далалы жерлерде, орманда өрт шығатын болса, бұл ауылдарға тікелей қауіп төнеді.
Премьер-министр Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарында елді мекендердің аумағын қураған шөптер мен қоқыстардан тазарту жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілмегенін баса айтты.
"Одан бөлек, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының орман мекемелері өрт қаупі жоғары кезеңге дайын емес", - деді Үкімет басшысы.