Орман өртінен келген шығын әлі белгісіз

444

Абай облысындағы алапат өртте жоғалған бір адам әлі табылмай жатыр.

Орман өртінен келген шығын әлі белгісіз

Ал осыған дейін қаза болған 14 орманшының бірінің денесі бүгін жер қойнына табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Орман алқабындағы қызыл жалын кей аумақтарда өршіп тұр. Өшіруге қатты соққан жел кедергі. Тек тікұшақтармен төбеден су шашуға мүмкіндік бар. Десе де, жердегі көліктер мен адамдар қарап отырған жоқ. Қайғылы жағдайға алып келген бұл өрттің алдын алуға болатын еді дейтіндер де бар.

Өртенген орман алқабының жалпы аумағы 60 мың гектарға жетті. Жалынмен жағаласқан азаматтар күні-түні тыным таппай жүр. Кеше қауіп төнген Талица ауылы маңындағы өрт өшірілді. Бородулиха ауданы мен Семей қаласы маңындағы ауылдардан барлығы 5 жүзден астам адам эвакуацияланды. Екі өрт сөндіру көлігі өртенді. Оның бірі Қарағанды облысынан көмекке келген еді. Бұл алашапқынды болдырмай, алдын алуға болар еді, дейді орманшы Бақтияр Қайдаров. 

"Осы өрттің алдын алуға болар еді. Оны сөндіру керек еді. Бірақ орман шаруаларының арнайы көліктері жоқ. Потрульді көліктері тапшы. Ең болмағанда, тамақтары да жоқ", - деді ардагер орманшы Бақтияр Қайдаров.

Маманның болжауынша өртті өшіру кезінде қателік кетуі мүмкін. Қызыл жалынның алдынан шықпай, екі жанынан барғанда жағдай әлдеқайда жеңіл болар еді дейді. Ал сала министрі "орманшылар үшін қаржы қажеттілігі бар, 2022 жылы әзірленген жоспарға сәйкес, материалдық-техникалық қамсыздандыруды 2027 жылға қарай шешу жоспарланған", деді.

"Осыған байланысты қосымша қаражат мәселесіне келетін болсақ, материалдық-техникалық қамсыздандыруға да байланысты бүгін ғана Үкімет отырысында осы мәселе көтерілген. Біз қазіргі таңда жалпы қажеттіліктер бойынша қосымша анализдер жасап, қосымша қаражатты сұрастырамыз", - деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова.

Төтенше жағдай министрі жағдайдың тұрақталып келе жатқанын жеткізді. Қазір 1500 адам, 11 тікұшақ және 3 жүздей көлік өрт болған аумақта жалынмен алысып жүр.

"Біз өртті санағанда, периметр бойынша аумағын санаймыз. Бірақ та бізде күнде мониторингтің зерттеуі өткізіледі. Сол зерттеу бойынша олар ыстық нүктені анықтап, сол көлемде өлшейтін өзінің бағдарламасы бар. Сол бағдарлама бойынша 43 мың гектар болып тұр қазір", - деді ҚР ТЖ министрі Сырым Шәріпханов.

Бүгін қаза тапқан 14 орманшының бірі Саят Нұржігітовті туыстары мен жақындары жер қойнына табыстады. Өрттен келген шығын әлі белгісіз. Оны есептеу өртті толық өшірген кезде болатыны анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу