Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығын жүргізу ісін мемлекетке қайтару туралы ұсыныс енгізді. Ведомствоның вице-министрі Ерлан Нысанбаев бұған қоса, ормандарды ұзақ мерзімге пайдалануға тыйым салу қажеттігін айтты.
Министрлік жүргізген сараптаманың нәтижесінде орман алқабын жиі пайдалану тиімсіз екендігін көрсеткен. Мәселен, осы шаруашылықта жұмыс істейтіндер ағаш отырғызу және өртке қарсы шараларды жүргізу бойынша келісімді орындамай отыр. Сондай-ақ, тексеріс барысында ағашты рұқсат етілген көлемнен артық жинап алу фактісі анықталған. Тіпті оларды бухгалтерлік есепте көрсетпей отыр. Бұған қоса, орманшылардың салық берешегі бар екендігі анықталған.
Ерлан Нысанбаев, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:
"2003 жылдан бастап, ұзақ мерзімге орман пайдалануға берген уақыттан әлі күнге дейін ескі техникалар қолданыста келеді.Бұл әрине қоршаған ортаға залалын тигізуде. Дегенмен, орман шаруашылығындағы қызметкерлердің жалақысы жақсы. Мәселен, Шығыс Қазақстандағы 5 жылдың ішінде 342 мың текше метр ағаш дайындалып, шығарылған. Сондағы ағаш сатудан түскен ең төменгі табыс 1 млрд теңгені құрап отыр".