Орманшылардың техникалары тозып тұр

610

Оларды жаңарту мәселесі қаржыға кеп тіреледі.

Орманшылардың техникалары тозып тұр Фото: Константин Шелков

Павлодар облысындағы орман шаруашылықтарында техника тым аз. Соның салдарынан жасыл желекті қорғауға, күтіп-ұстауға жауапты мамандардың жұмысында қиындықтар туындайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Айталық, белгіленген ережеге сәйкес, шаруашылықтарда кемінде 15 өрт сөндіру көлігі болуы тиіс. Ал іс жүзінде павлодарлық орманшылар небары алты техникамен жұмыс істеуге мәжбүр. Сол сияқты қолданыстағы 19 трактордың 12-сі әбден ескірген. Олар баяғыда-ақ есептен шығарылуы тиіс еді. Алайда орнына пайдаланатын жаңа техникалар болмағандықтан, әлі де қолданыста жүр.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешовтің айтуынша, орман шаруашылықтарындағы техникалармен қамтамасыз ету көрсеткішін 100 пайызға дейін жеткізу үшін 186 млн теңге керек.

"Ормандарды күтіп-ұстауға, оның ішінде болуы мүмкін өртті сөндіруге керек техникалармен қатар, ағаш отырғызатын машина да қажет", - дейді Мейрам Өтешов.

Ағаш демекші, облыста егілетін көшеттердің тамыр тарту көрсеткіші де тым төмен. Мәселен, былтыр 7,4 млн көшет отырғызылса, оның 1,6 миллионы ғана өсті. Қалғаны қурап қалды. Демек, еткен еңбектің 80%-ы еш кетті.

Көшеттер отырғызудағы мәселе бұл ғана емес. Өңірде тұрақты түрде жұмыс істейтін тәлімбақ жоқ. Сол себепті орманшылар талды Ресейден сатып алады. Семей мен Өскемен қалаларындағы тәлімбақтың өнімдердің бағасы қымбат болғандықтан, оны алуға павлодарлық орманшылардың қазынасы жетпейді.

Көрші елдің нарығына бұл салада да тәуелді болмас үшін мамандар Павлодар қаласының іргесіндегі Жаңаауыл шаруашылығында тұрақты тәлімбақ ашуды ұсынып отыр. Сол кезде жылына 10-12 млн көшет отырғызылатын болады.

Жалпы, бесжылдық кешенді жоспар аясында өңірде 32 млн қарағай көшеттерін отырғызып, орманды жерлер ауданын 89 мыңнан 95 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу