"Өрмек" халықаралық есірткіге қарсы операциясы аяқталды

1429

Операция кезінде ШЫҰ аумағында есірткімен байланысты қылмыс үшін 3 241 адам ұсталып, 1 176 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Өрмек" халықаралық есірткіге қарсы операциясы аяқталды

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Есірткіге қарсы 2018-2023 жылға арналған стратегиясын жүзеге асыру аясында 2019 жылғы 8 – 12 шілде аралығында ШЫҰ елдерінің аумағында "Өрмек" халықаралық есірткіге қарсы операциясы өтті, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталған іс-шараны ұйымдастыру бастамасын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен ШЫҰ Саммитінде жариялаған болатын.

"Өрмек" операциясының негізгі мақсаттары – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында есірткіні жеткізу және тарату каналдарын тыюға қатысты шараларды орындау, сондай-ақ Интернет-ресурстар мен виртуалды төлем жүйелерін есірткі бизнесі саласында қолдануын тоқтату, есірткінің заңсыз айналымына тойтарыс беру бойынша құзыретті органдардың бірлескен әрекеттерінің тиімділігін арттыру.

Айта кететін жайт, "Өрмек" операциясын өткізу жөніндегі штаб Алматы қаласындағы Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығында (ЦАРИКЦ) орналасты. Операцияға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен байқаушы ел Ауғанстанның есірткіге қарсы ведомстволары, ішкі істер органдары, ұлттық қауіпсіздік, кеден және шекара қызметтерінің, сондай-ақ БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының және ЦАРИКЦ-тің өкілдері қатысты.

Алдын ала ақпарат бойынша, алғашқы кезеңі  биылғы жылдың 28 маусымында басталған операцияның нәтижесінде ШЫҰ елдерінің аумағында 6 тонна 422 кг есірткі және есірткіні заңсыз сатудан түскен 68 834 АҚШ доллары көлеміндегі сома тәркіленді.

Бұған қоса, операцияға қатысушы барлық тараптар есірткінің қаңсыз айналымына қатысы бар 1 359 қылмыс тіркеліп, олардың 108-і тұлғалардың бірлескен заңсыз әрекеті болды. Есірткі контрабандысының 85 фактісі және пошта жүйесінде 9 қылмыс анықталды. Жалпы, операция мерзімі ішінде ШЫҰ аумағында есірткімен байланысты қылмыс үшін 3 241 адам ұсталып, 1 176 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу