Дәл осы тұста Қытай даулы әрі стратегиялық маңызы зор Скарборо рифіне баратын жолды шектеуге көшті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Спутниктік фотолар Қытайдың бұл аймаққа кіруді кемелер мен жүзбелі бөгеттер арқылы шектеп отырғанын көрсетеді. Скарборо рифі – Филиппиннің Лусон аралынан батысқа қарай 220 шақырым жерде орналасқан дәстүрлі балық аулау аймағы. Бұл аумаққа екі ел де таласады, өйткені ол маңызды балық шаруашылығы мен сауда жолдарының торабында орналасқан. Десе де, Қытай бұл рифті 2012 жылдан бері іс жүзінде бақылауда ұстап отыр.
Геосаясат сарапшысы, профессор Клеменс Фишер ондағы жағдайдың қиын екенін айтады.
– Әлем Иран мен АҚШ-тың Ормуз бұғазындағы қосарланған шектеуіне алаңдап отырған кезде, Қытай одан шамамен 3700 теңіз милі қашықта Оңтүстік Қытай теңізінде өз блокадасын орнатуға кірісті, – деді ол BILD басылымына берген сұхбатында.
Сарапшының сөзінше, Қытайдың бұл әрекеті Ормуз бұғазындағы жағдаймен салыстырғанда мүлде өзге ауқымға ие.
– Оңтүстік Қытай теңізі арқылы жыл сайын әлемдік теңіз жүк тасымалының шамамен үштен бірі өтеді. Бұл – құны 3,3 триллион АҚШ долларына жуық тауар айналымы. Жеті жағалаудағы мемлекет тоғыз түрлі аймақта үстемдік үшін таласып отыр. Қытай бұл қақтығыстардың басым бөлігіне қатысып келеді және енді Скарборо рифінде өз дегеніне жетуге ұмтылып отырғанға ұқсайды, – деді Фишер.
Сарапшылар мұндай жағдайдың салдары жаһандық деңгейде сезілуі мүмкін екенін айтады. Тіпті, Германия сияқты алыс елдердің өзіне әсері тиеді.
– Тек осы белгісіздіктің өзі кемелер мен жүкке арналған сақтандыру құнының өсуіне әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде тасымал шығындарын арттырып, ақыр соңында тұтынушылар үшін тауар бағасының қымбаттауына себеп болады. Яғни, көптеген өнімнің бағасы өсуі ықтимал, – деп түйіндеді геосаясат сарапшысы.