Өрт бекеттерін құру жұмысын жалғастыру қажет – Асқар Мамин

577

Материалдық-техникалық жарақтандырудың жол картасын әзірлеу тапсырылды. 

Өрт бекеттерін құру жұмысын жалғастыру қажет – Асқар Мамин

Премьер-министр Асқар Мамин төтенше жағдайлар министрлігі мен әкімдіктерге жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігін қадағалау мен сақтауға қатысты тапсырма  берді.

"Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің алдын алу, күштер мен құралдардың өртті жедел сөндіруге дайындығы мәселесін нақты үйлестіруді қамтамасыз етсін. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықты анықтау, әсіресе, тұрғын үйлер мен қоғамдық жерлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау бойынша жұмысты жалғастыру керек. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторында тиісті рейд жүргізсін", – деді үкімет басшысы.

Асқар Мамин төтенше жағдайлар министрлігі елді мекендер мен нысандарда өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс екеніне назар аударды.  

"Министрлікке мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2021 жылдан бастап келесі үш жылдық кезеңге арналған Материалдық-техникалық жарақтандыру туралы жаңа жол картасын әзірлеп, бекітуді тапсырамын!" – деді премьер-министр.

Асқар Мамин әкімдіктерге әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылым нысандарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүктеді. 

"Әлеуметтік саладағы нысандарда орналасқан қазандықтардың жұмысын ерекше бақылауға алып, оларды ғимараттан шығару мәселесін жылдамдатып шешу керек. Өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрт бекеттерін құру жұмысын жалғастыру қажет", – деді Асқар Мамин. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу