Өрт болған аймақта төтенше жағдай жарияланды

469

Тілсіз жау 3,5 мың гектардан астам жерді шарпыды.

Өрт болған аймақта төтенше жағдай жарияланды Фото: ТЖМ

Семей орманындағы өртпен адамдар әлі алысып жатыр. Қызыл жалынды толық өшіруге қатты жел кедергі келтіруде, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Тілсіз жау үш жарым мың гектардан астам жерді шарпыды. Соған байланысты бүгін Бородулиха ауданында төтенше жағдай жарияланды. Десе де, осыдан үш күн бұрын баспанасын тастап кеткен жергілікті тұрғындар бүгін ауылдарына қайта орала бастады.

Үйіне оралған тұрғынның бірі Анастасия Скворцованың айтуынша, өрт ауылға жақындағанда тәртіп сақшылары келіп, қауіпсіз жерге кетуді сұраған. Қызыл жалынды көргенде өзіміз де алаңдап, бірден келістік дейді. Келген адамдар, тіпті, қораларындағы малды санап, есебін де алғанын айтты.

"Әскери киім киген адамдар үйлерді аралап, құжаттарымыз бен киімдерімізді алып ауылдан кетуімізді сұрады. Біз айтқандарын орындадық. Міне бүгін 3 күннен кейін баспанамызға қайта оралып жатырмыз", - дейді Березовка ауылының тұрғыны Анастасия Скворцова.

Жалпы тілсіз жау шарпыған аумақ үш жарым мың гектарға жетті. Өртті сөндіру үшін барлығы сегіз жүзден астам адам, 200-ден аса техника және 8 сегіз тікұшақ жүр. Жергілікті жердегі өрт сөндірушілерге Астана қаласы мен Қарағанды, Павлодар облыстарынан келген әріптестері көмектесуде.

"Қазір жағдай қалыпты. Жақын маңдағы ауылдарға қауіп төніп тұрған жоқ. Арнайы мамандар өрт болған аумақты айналып қарап жүр. Қажетті жерлерде адамдар күзетте тұр", - дейді ҚР ТЖМ өртке қарсы комитет төрағасының орынбасары Дмитрий Титов.

Үш күннен бері отпен алысқан адамдарға еріктілер көмектесуде. Тамақтарын әзірлеп, барлық қажеттіліктерін жеткізіп беруде.

"Халық өзінің қаражаттарын жіберіп жатыр. Ауыл әкімшілігі бар. Сол кісілердің арнайы шотына қаражат жіберіліп жатыр. Сол қаражатпен әкімшіліктің көлігімен тамақтың бәрі әкелініп жатыр", - дейді ерікті Маржан Көксегенова.

Қазір ормандағы өрттің негізгі ошағы өшті. Бірақ күл астында әлі толық сөнбеген шоқтар бар. Сол өрт сөндірушілер осында әлі қанша болатыны белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу