Өрт қаупінің жоғары кезеңінде ормандарға кіру шектеледі

88

Еліміздегі ормандарда қосымша 300-ден астам бекет қойылады.  

Өрт қаупінің жоғары кезеңінде ормандарға кіру шектеледі Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Қауіпті кезең басталғанға дейін орман қорының жиегі бойынша 14 мың шақырым учаскеде бақыланатын өртеу жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а. Мақсат Елемесов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оның ақпараты бойынша, мемлекеттік орман күзеті өрт қаупі ең жоғары учаскелерде қосымша 302 бақылау бекетін қояды. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп механикаландырылған шолушылардың орналасу орындары келісілді. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп орман өрттерінің алдын алу және орман қорын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында бекеттер мен патрульдеуді ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, бірлескен рейдтердің кестелері бекітілді.

"Жергілікті атқарушы органдардың жаңадан құрылып жатқан өрт сөндіру пункттерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін Комитет 29 бірлік мамандандырылған техниканы беруді жоспарлады. Бұл техника есептен шығарылуға жатады, бірақ сонымен бірге жұмыс істеп тұр және ТЖМ өрт сөндіру бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттер мен дала өрттерін сөндіруде одан әрі қолдануға дайын", – деді спикер.

Бұдан бөлек, өрт қаупінің жоғары класы кезеңінде халықтың, оның ішінде демалушылардың орман алқаптарына кіруі шектелмек. Облыстардың әкімдіктері бұған қатысты тиісті шешімдер шығарады.

Биыл өрт қаупі бар кезеңге дайындық аясында "Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын 2026 жылғы өрт қаупі бар кезең жағдайында төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға дайындау" тақырыбында "Өрт-2026" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылады.

Оқу-жаттығу Қостанай облысы Алтынсарин ауданының Красный Кордон ауылына жақын маңда мамыр айының соңында өтпек. Оқу-жаттығу аясында Алтынсарин ауданы Докучаево және Сарыкөл ауданы Урожайное ауылдарының "Ауыл құтқарушылары" өрт сөндіру пункттерін тарту көзделген.

Сонымен қатар Ресей Федерациясының аумағында трансшекаралық өрттерді сөндіру кезіндегі өзара іс-қимыл аясында трансшекаралық оқу-жаттығулар өткізу жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу